Антибиотиктерді саналы қолдану төзімділікті жеңеді
Антибиотиктер – қазіргі медицинаның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Солардың арқасында ауыр бактериялық инфекцияларды тиімді емдеуге, операциядан кейінгі асқынулардың алдын алуға, мүше трансплантациясын және қазіргі заманғы ісікке қарсы терапияны жүргізуге мүмкіндік туды. Алайда бүгінде бұл өмірлік маңызы бар препараттардың тиімділігі микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің артуына байланысты қауіп астында.
Антибиотиктер неліктен соншалықты маңызды?
Антибиотиктер бактерияларға – баспа (ангина), зәр шығару жолдарының инфекциялары, пневмония және сепсис сияқты түрлі ауруларды тудыруы мүмкін микроорганизмдерге қарсы әсер етеді. Олардың міндеті – бактерияларды жою немесе олардың көбеюін тоқтату арқылы организмге инфекциямен күресуге көмектесу.
Сонымен қатар барлық микроб бірдей емес екенін түсіну маңызды. Олардың көпшілігі қауіпсіз, ал кейбіреулері адамға тіпті пайдалы. Бұдан бөлек, суық тию, тұмау (грипп) және жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) басым бөлігін қоздыратын вирустар бар. Антибиотиктер вирустарға әсер етпейді.
Антибиотиктер қажет болмайтын кездер
Төзімділік дамуының басты себептерінің бірі – антибиотиктерді негізсіз қолдану. Бұл адам оларды вирустық аурулар кезінде қабылдағанда, дәрігердің тағайындауынсыз пайдаланғанда немесе антибиотикті кез келген инфекцияға қарсы әмбебап құрал деп санағанда, орын алады.

Препараттарды дұрыс қолданбау да қауіпті: антибиотикті негізсіз таңдау, дозалау режимін бұзу, емдеуді мерзімінен бұрын тоқтату немесе терапия схемасын өз бетінше өзгерту. Мұның бәрі бактериялардың тірі қалуға үйреніп, емге сезімталдығы төмендейтін жағдай туғызады.
Микробқа қарсы препараттарға төзімділік дегеніміз не?
Микробқа қарсы препараттарға төзімділік бактериялар, саңырауқұлақтар және басқа микроорганизмдер бұрын оларға қарсы тиімді болған дәрілерге қарсы тұру қабілетіне ие болғанда, дамиды.
Нәтижесінде инфекцияларды емдеу қиындайды, ал асқыну қаупі артады.
Мынаны түсіну маңызды: төзімділік адамда емес, микроорганизмдердің өзінде дамиды. Тіпті бір ғана антибиотикке төзімділік те емдеу мүмкіндіктерін елеулі түрде шектей алады.
Бұл неліктен әркімге қатысты?
Антибиотикке төзімділіктің артуы бүгіннің өзінде бүкіл әлемдегі миллиондаған адамның денсаулығына әсер етеді. Төзімді микроорганизмдер тудырған инфекциялар ұзағырақ әрі күрделірек емдеуді, ауруханаға жатқызуды, сондай-ақ қауіпсіздік бейіні қолайлылығы төмен препараттарды қолдануды талап етуі мүмкін.
Сонымен қатар қазіргі медицинаның көптеген бағытының негізі – антибиотиктердің тиімділігі. Хирургиялық араласулар, онкологиялық ауруларды емдеу, мүше трансплантациясы және созылмалы аурулары бар науқастарға көмек көрсету бактериялық инфекциялардан сенімді қорғаныссыз мүмкін емес. Егер антибиотиктер тиімді болмай қалса, соңғы онжылдықтардағы көптеген медициналық жетістік қауіп астында қалады.
Антибиотиктердің тиімділігін сақтау – ортақ міндетіміз

Әр адам микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күреске үлес қоса алады. Ол үшін антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауымен қолдану және ұсынылған емдеу схемасын сақтау маңызды.
Антибиотиктерге жауапкершілікпен қарау олардың тиімділігін өзіміз үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де сақтауға көмектеседі. Себебі бүгінгі әрбір дұрыс таңдау – ертеңгі сәтті емдеудің қосымша мүмкіндігі.
Антибиотиктер өмір құтқарады. Оларды шынымен қажет болғанда ғана қолданыңыз. Антибиотиктерді саналы қолдану төзімділіктің дамуын тоқтатуға және бұл препараттардың күшін болашақ үшін сақтауға көмектеседі.